А.Б. ТҮСІПҚАЛИЕВ1, Б.К. ДЖЕНАЛАЕВ1, С.П. ДОСМАГАМБЕТОВ1, Ж.Т. БАУБЕКОВ1, М.Т. ИЛЬЯСОВ2, И.М. НУРГАЛИЕВ2
1Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, Ақтөбе, Қазақстан
2 «Балалар стационары» Ақтөбе медициналық орталығы, Ақтөбе, Қазақстан
Өзектілігі. Аппендикулярлы перитонит балалардағы өте ауыр іріңді қабыну ауруларының бірі болып қала береді және көптеген авторлардың мәлімдемесі бойынша 72% жағдайда балаларда сепсис пен полиоргандық жетіспеушіліктің себебі болып табылады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы ұсынған (№19, 2015 жыл) клиникалық хаттамасына сай стационарлық деңгейде перитонитті анықтаудағы міндетті диагностикалық тексерулердің бірі – іш қуысының ультрадыбысты зерттеу әдісі (УДЗ) болып табылады. УДЗ-де іш қуысындағы бос сұйықтық, ішек тұзағының кеңеюі, перистальтиканың болмауы (маятник тәрізді), паренхиматозды мүшелердің зақымдалу белгілері анықталады.
Зерттеу мақсаты: балалардағы аппендикулярлы перитонитті диагностика жасаудағы ультрадыбысты зерттеудің маңыздылығын анықтау.
М. Оспанов атындағы БҚММУ балалар хирургиясы клиникасында біздің бақылауымызда 14 жасқа дейін 50 науқас жайылмалы аппендикулярлы перитонит бойынша стационарлық ем қабылдады. Ем қабылдаған барлық балаға клинико-лабораторлық зерттеулермен қатар құрал жабдықты тексеру барысында құрсақ қуысына УДЗ жүргізілді.
Зерттеу нәтижесі. Тәжірибемізде әрбір балалар хирургі науқастарға нақты диагноз қою мақсатында анамнезі мен клиникалық-лабораторлы тексерулерден бөлек міндетті түрде қосымша тексерулер жүргізді. Біздің бақылауымыз бойынша перитонит ауруын диагностикалауда 84% жағдайда іш қуысының УДЗ сенімді тексеру әдісі болып табылды.
Ішек қуысына сұйықтықтың жиналуында эхографиялық параметрлердің өзгерістерінде ішек диаметрі мен қалыңдығы, ішек қабырғасының құрылымы мен қуысындағы сұйықтық, ішек перистальтикасының өзгерісі, құрсақ қуысында ішекаралық сұйықтықтың жиналуы анықталды. Осындай өзгерістердің жиынтығы, бақылаудағы балалардың көпшілігінде функционалды ішек өткізбеушілігімен бағаланды.
Жайылған перитониттің эхографикалық белгілері құрт тәрізді өсіндідегі айқын қабынулық өзгерістермен, кіші жамбас қуысында бос сұйықтықтың көп мөлшерде (100% жағдайда) болуымен сипатталды, сұйықтық 45 балада оң жақ бүйір каналында және 25 (50%) балада тұзақ аралық кеңістікте жиналуымен анықталды. 38% жағдайда іш қуысының жекеленген аймақтарында инфильтратты түзілу белгілері байқалды. 21 бала- да жіңішке ішек тұзағы кеңейген, ішек перистальтикасы әлсіз немесе перистальтикасының анықталмауы, ішек жетіспеушілік синдромын дәлелдейді. Кей жағдайларда іш қуысының жекеленген аймақтарында инфильтратты түзілу белгілері анықталады
Бақыланған 36 балада ішек жетіспеуі синдромы туындады, ішек тұзақтарының кеңеюі, ішек перистальтикасының жиырлуының баяулау түрінде, ішек бөліктері қуысындағы химустың эхогенділігінің төмендеуі (қуыс ішілік сұйықтықтың жиналуы), және де іш қуысы мен іш қуысынан тыс орналасқан мүшелердің реактивті өзгерістердің болуымен сипатталды. Бауыр қан тамырлар бейнесінің айқын көрінуі, оның оң жақ бөлігінің қан тамырлары орта жастағы қалыпты мөлшерімен салыстырғанда 10-20мм ге ұлғаюы, ұйқы безі паренхимасының диффузды өзгерістері оның эхогенділігінің және ұсақ нүктелі гиперэхогенділігінің жоғарылауымен, өт қапшығы қабырғасының қалыңдауымен көрініс береді. Бүйректегі реактивті өзгерістер оның аздаған ұлғаюымен, паренхимасының эхогенділігінің жоғарылауымен сипатталды.
Қорытынды. Диагностика барысында балалардағы перитонитте УДЗ әдісі аз инвазивті, қауіпсіз және сенімді тексерумен қатар, іш қуысындағы және іш қуысынан тыс орналасқан мүшелердегі бұзылыстарды анықтауға мүмкіндік береді.